«АҚСҰҢҚАР ҚҰСТЫҢ БАЛАСЫ ұяда алтау болмас па?»

10 тамыз – Абай күні

Бұл тәмсіл Бұқар жырау  Қалқаманұлының «Айтар болсаң, Алланы айт» - деген жырынан желі тартады. Ол, сондай-ақ кемеңгер Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңіндегі «атадан алтауға» қатысты «түйткілдің» сырына сәуле түсіреді. «Ұяда алтау болғанмен, Оның ішінде біреуі-ақ алғыр болмас па? - дейді бұдан әрі ұлы жырау, - Алғырының белгісі / Ұзақтан жемді ілмес пе?». Біздің жанарымызды байлай беретіні де жырдың осы тұсы. Әсіресе, «алтау» сөзі: «Адамзаттың баласы / Атадан алтау тумас па? Атадан алтау туғанмен, Оның ішінде біреуі ғана арыстан болмас па?».

Осы «атадан алтау тумас па?..» - деген сөз маржанын Бұқар жырау «Он сегіз мың ғаламды жаратқан» атты өлеңінде ой теңізінен жаңаша сүзеді: «Атадан алтау туғанмен, Солардың да ішінен / Біреуі ғана арыс болмас па? Арысының белгісі – Ісінен айқын болмас па? Сол арысы барында, Жорғасы болса мінісіп, Торқасы болса киісіп, Толғамалы қамшы ұстап, Толғап дәурен сүрмес пе? Сөйтіп жүрген кезінде, Арысынан айрылса, Ел шетіне жау келсе, Ел ішіне дау келсе, Бел буып жауға шаба алмай, Белдесіп жауды жеңе алмай. Ортасында бар жақсының / Қадірін де біле алмай, Қадір-құрмет қыла алмай, Артында қалған жамандар / Бас-басына тозбас па?».

 

«Солардың да ішінен / Біреуі ғана арыс болмас па?..»

Алты алаштың маңдайына біткен ұлы перзенттерінің бірі –  Абай Құнанбайұлы болатын. Кемеңгер ақынның заманы, баршаға мәлім, туған еліміздің 1822 және 1868 жылдарғы реформалардан соң, әуелі хандық биліктен, кейін сұлтандық басқару тізгінінен де айрылып, бодандық ноқтасын мықтап тұрып киген кезең еді. Отарлық құлдықтың қазығына маталып, «қараңғыда» бір орнында шарқ ұрған,  Абай айтпақшы, «малқұмар көңіл – бек соқыр» елдің «жақсы менен жаманды айырмай», іргесі сөгіліп, берекесі қашқан шақ та осы. «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын? - деп қынжылады ол. - Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, Сапырылды байлығың, баққан жылқың».

Бұқар жырау ескерткен «жақсының артында қалған «жамандардың бас-басына тозуы», яки «өңкей қиқымның бас-басына би болып, елді бұзуы» Абайдың да қабырғасын қайыстырады. Бұл жерде, бірақ біздің айтпағымыз бірер сөз бен жекелеген ойдың үндестігі емес. Шығармашылықта ондай-ондай ұқсастық пен тамырластықтың болуы табиғи нәрсе. Шыңғыстауға қонған «поэзия сұңқарының» топшысы бекіп, талмай самғауына, әлбетте ұлы даланың ақын-жырауларының бай мұрасы мөлдір де нәрлі бастау болғанына күмән жоқ. Дегенмен, дала данышпаны Құнанбайдың  «айсыз түнде» дүние есігін ашқан айбоз перзентінің миссиясы мүлде бөлек.

Бодандағы ел-жұртының болашағына алаңдаған Хәкім «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп мұңға батады. Оның бар ой-мұраты – «тіл ұстартып, өнер шашу, наданның көзін қойып, көңілін ашу». Осы мақсатпен қараңғы қоғамға өзі шамшырақ етіп жаққан өлең сөзге де талғамы тым жоғары: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы... Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын / Қазақтың келістірер қай баласы». Ол өзіне дарыған ақиқат ұшқынының жалындай келе, жарығы атар таңды жақындата түсеріне сенімді.

Сондықтан «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», - деп Абай ағартушылық мақсатын жайып салады: «Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ». Алайда, айналасын «Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап, Көнгенім-ақ соған деп жүр табандаптың» қырсығы шалғандай. Ақынның мылқау жартастай, «қаңқ етер, түкті байқамас» қарындастары ойлы сөз емес, «әншейін күн өткізбек әңгімеге» әуес: «Батырды айтсам ел шауып алған талап, Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап... Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап», - деп налиды. Себебі: «Өлең деген – әр сөздің ұнасымы, Сөз қосарлық орайлы жарасымы. Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, Оған кімнің ұнасар таласуы?».

Осындай «ұнасымды әрі жарасымды сөз» үлгісін Абай ауыз  әдебиетінен, оның ішінде Бұқар жырау, Дулат пен Шортанбай секілді ақындардан еншілейді. Оның «Сегіз аяқ» өлеңіне қатысты, жоғарыда айтқан, «бір түйткілге» де Бұқар жыры сәуле түсіреді. Ол – «алтау» сөзі... «ұяда алтау болмас па... атадан алтау тумас па?». Абайдың жеті ағайынды бола тұрып, «Атадан алтау, анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ» - деуінің сыры да осы жерде ашылады. «Атадан алтау»... бұл – ақынның Ақсұңқар әкесін ерекше құрмет тұтуының бір парасы ғана. Құнанбайдың ел ағасы ретіндегі  тұлғалық қасиеттерін ұлы ерекше бағалайды. Мұның мысалына «Абай жолы» романынан  молынан қанығамыз.

Хәкімнің, әсіресе үміт күткен перзенті Әбдірахманның қазасына арнаған мына бір өлеңі сөзіміздің жарқын дәлелі. «Арғы атасы қажы еді / Бейіштен татқан шәрбәтты, - дей келіп, ол әкесі Құнанбайдың «өнері айтуға тілін тербеткенін» мақтан етеді. Көз алдымызға ««жастайынан дарыған ақыл мен адалдық тыныштық бермеген, мал түгіл жанға мырза, мұңды, шерлі, жоқ-жітік аңсап алдын кернеген, бәрінің көңілін тындырып, біреуін ала көрмеген», яки әділдігімен  әлемге «өрнек жайған»  кемел тұлға келеді.

Енді Сіз бен біз де «тәубесін еске түсіріп, тентекті тыйған, дүниеге көңіл бөлмей, ақылымен өлмейтұғын атақ қалдырған» сол бір қайраткерді «көрмекке қамалғандардың» сапына қосыламыз.

Олай болса, Құнанбайдай Ақсұңқардың жанұясында «алтау», яки көп тумайтын» жөні қайсы? Жалпы, ел аузындағы және Бұқар жырындағы «алтау» нақты санның өлшемі емес. Шындығында, осы екеуінде де «алтау» сөзі адамдардың белгілі бір тобын – отбасын, әулетті, руды, елді білдіріп, халық даналығымен тамырлас: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді...» деген нақыл сөздегі «алтау» да белгілі бір адамдар тобын, яки «көпшілікті» білдіреді. Осы орайда, тіпті «алты алаш» ұғымына үңілсек те жетіп жатыр. Оның тар мағынада қазақтың, кеңірек алсақ, Түркі жұртының  екінші атауы екені аян. Ал, осы екеуінің де алты румен немесе алты халықпен шектелмейтіні белгілі.

Ендеше, кейбір зерттеушілердің ақынның «атадан алтау» деген сөзіне байланысты ағайындыларды «түгендеген» пікірлерін жаңсақ деуге мәжбүрміз. Мәселен, олардың бірі осы өлең жазылғанға дейін Халиолланың қайтыс болғанын тілге тиек етеді; екіншілері болса, оның қазаққа жат «ғашықтық сырының» ақынға ұнамағанын көлденең тартады. Бірақ, осы екі уәж де Абайдың атадан жетеу бола тұра, «алтау» деп жазуының себебіне иландыра алмайды. Ойшылдың шындықтан бұра тартуының да қисыны жоқ: Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден (Әйбөбек) – Құдайберді, екінші және үшінші әйелдері Ұлжан мен Айғыздан тиісінше: Тәңірберді (Тәкежен), Абай (Ибраһим), Ысқақ, Оспан және Халиолла мен Смағұл   туады.

 Алашпен бірге жасасқан мақал-мәтелдердің терең астарын ұққан және Бұқар мұрасына жақсы қанық Абай «атадан алтау» дей отырып, өздерінің де «ығы зор» Ақсұңқар тұлғаның өсіп-өнген ұрпағы екенін меңзейді. Қыпшақ даласында қазақтың өз кезінде бауырлас ұлттармен салыстырғанда сан жағынан көш бастауына «атадан алтаудың», яки көп туу, өсіп-өну ғибратының да әсері болғаны даусыз. Алайда, «бес саусақ бірдей емес». Бұқар бабамыздың асыл мұрасына қайта зер салсақ: «атадан алтау туғанмен, оның ішінде біреуі ғана арыстан немесе арыс болмас па?..». Құнанбайдың  да «не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші» деп, үміт артқан жаратылысы өзгеше перзенті  Абай – Ибраһим еді.

Бірақ, «Қазаққа қара сөзде дес бермеген, қызыл тілі буынсыз, сөзінде жаз бар шыбынсыз» ақынның «тыңдаушысын Тәңірім ұғымсыз қылып берген-ді». Ол халқының ұйқылы-ояу хәліне жаны сыздап, надандық пен қараңғылықты өткір сын нысанасына алады («Қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы», «Қазақ әдебиеті» - 30.03.2018 ж.). Туған елінің бағына дер шағында дүниеге келген ойшыл ұлы дала аспанында жұлдыздай жарқырап, жол сілтейді. Бодандағы ел-жұртының кіріптар хәліне қамығып, оның қам-қарекетке көшуін аңсайды. Олай болса, «ерте оянған және етекбасты» замандасынан түңілген Абай үшін «Уайым – ер қорғаны, есі барлық...». Ол мынау «бес күндік ер сынарлық майданда»  қазағының өркениет көшінің соңында салпақтауымен еш сыйыспақ емес.

Бір уақ Абай тарих қойнауынан жеткен Бұқар сөзіне замандасы Мәшһүр Жүсіп жинаған жазбалардан жанарын суарады. Отаршыл орыс империясының илеуіне түскен халқының мұңын  шаққанда «көмекейі бүлкілдеп, өлең сөзбен ғана сөйлеген» (М-Ж.Көпейұлы) жыраудың күңіренген даусы құлағында күмбірлейді. Ақын жыр зарын жазбай танып, жаны жабырқай түседі: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр. Сипат жоқ, сурет те жоқ көзім талған». Бар ықыласы ақын бабасының асыл мұрасына ауып, отарлық «запыраны» тереңіне тартқан ой  ұйығында жан серігін өлеңнен ғана табады.

Абылай ханның данагөй биінің, әсіресе туған халқына ауызбірлікті аманат еткен сөздерінен ақынның «жүрегі тулап, қайнап қылады әлек»: «Ұрысса орыс, Елге болыс,  Үйден үрген итке ұсап». Ол Асан Қайғының «Қилы-қилы заман болар, Қарағай басын шортан шалар» деген «жұмбағының» түп-төркініне Бұқармен бірге үңіледі. Күнбатыстан төніп, елін еркіндіктен айырар қауіп-қатерді ерте ескерткен жыраудың көріпкелдігіне қайран қалады. Оның «Көкшетаудан салдырған» деген өлеңіңде ханның өзі «қонған Көкшетаудан кәпірдің қала салғанын», басқыншының  «өзен бойын шандып, тауға қарқарасын шаншып, туған жерге зар ғып, қазақтың  шұбырып кеткен» қасіретін болжаған кемеңгерлігіне сүйінеді. 

 

 «Арысының белгісі – Ісінен айқын болмас па?»

Бұқар уайымының, өкінішке қарай, шындыққа айналғанынан  Абай уланғандай, мең-зең күйде: «Құдайдың бергеніне тоймасаң, Ағаш үйде кәпір бар, Көрерсің содан теперіш... Сірә бір кеңес құрыңыз, Бір ауызды болыңыз... Бөтен елмен үйір боп, Іргеңізді қоспаңыз... «Зәбірі қатты бұл кәпір / Алмай қоймас демеңіз...». Жыр атасы  алмағайып кезеңде қандастарының адамгершілік қасиеттерінің «сұйылып», алакөз тірлікке  көшкеніне ашынады. Хәкім де қараңғылық бұлты бүркеп, қалғып-шұлғыған елін ұйқыдан оятудың  жолын талмай іздейді. Қандастарына «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек,  бекер мал шашпақ» секілді «бес дұшпанын» білдіріп, бес асыл іс «Талап, еңбек, терең ой мен қанағат, рақымды» тағылым етеді.

 Жыраудың: «Нұрада бар Ақмола, Есілде бар Қараөткел, Екі өткелдің аузын / Қараөткелді салды, ойла! Баянаула, Қызылтау / Оны да кәпір алды, ойла!..» - деген ескертуі «хақтықтың сәулесін түсіріп», ақынның ұйқысын қашырады. Отаршыл орыс билігі алқымнан аяусыз сығымдай қысады: «Шүршітпенен құлақтас, Қырғызбенен жұбаптас, Ортасында ұйлығып, Кетпейін десе жері тар, Кетейін десе алды-артын / Қоршап алған кәпір бар. Ұйлыққан қойдай қамалып... Сорлы қазақ қалды, ойла!». Қазақтың жауы Бұқар күткен және осы қатерден алдын ала  ескерткен жақтан шыққанын көріп отырса, қалайша жүрегі шаншымасын: «Күн батыстан бір дұспан, Ақырда шығар сол тұстан. Өзі сары, көзі көк, Бастығының аты поп».

Бұдан әрі ұлы жырау басқыншының «дінсіздігін, жамандыққа мінсіздігін» атап-атап көрсетіп, еріксіз жирендіреді: «Ел қамын айтқан жақсыны / Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды». Кірме жұртқа кіріптар елінің азабы Абайды да одан бетер ширықтырады: «Орыс сыяз қылдырса, Болыс елін қармайды. Қу старшын, аш билер / Аз жүрегін жалғайды». Азалы дала ақ патша мен кеңес билігінің халықты аяусыз басып, жаншығанының әлі талай куәсі болады. Қолдағы бар дүниені есепке алып, атамекеннен қуудың зардабын әлі талай ұрпақ бастан кешеді. Қазақтың өзін-өзі басқарудан қалып, өзгенің әмірімен жүріп-тұрғанына да әлі талай уақыт төзуге тура келеді.

Бұқар жыраудың, тіпті, «Тексізді төрге шығарып, Басыңа ол күн туғанда, Теңдік тимес қолыңнан» немесе «Орыстар келер ғалым боп, Әулиедей көрінер... Ақыретке барғанда, Ақсүйекті қор тұтқан, Қараны одан зор тұтқан, Орыстарды пір тұтқан, Сорлы болған қазағым, Тартарсың солардан жазаңды-ай!» - деген ащы шындықтан Хәкімнің қабағы қарс жабылады. Санасын сансыратқан ой тұтқынында булығып,  қайткенде де туған халқының еңсесін көтеруді  көздейді. Жаһанды сілкіндірген жиһангер бабалардың мұрагері «қайран қазағының» қалайша жаудан жеңіліп,  еркіндігінен айрылуының себебін де тапқандай болады: білім мен ғылым жолына шақырып, өзара бірлік пен ынтымаққа үндейді.

Жыр атасының Абылай ханның кемшілігін бетіне айта отырып та оның үш жүздің басын қосқан  зор қажыр-қайратын үлгі тұтқаны ақынды ойландырады. «Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңіл бөл, Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел? - деп толғанады Абай, -  Берекелі болса ел – Жағасы жайлау ол бір көл... Берекесі кеткен ел – Суы ашыған батпақ көл... Берекеңді қашырма, Ел тыныш болса, жақсы сол». Жыраудың ханмен кетіскен қандастарына өзінің ара түспейтінін ашық айтуы да содан. Ел тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңде жұдырықтай жұмылған ауызбірліктің ғана апаттан «араша» боларына көзі жете түседі. Абылай ханның жөні бөлек, ал кейінгі ұрпақтың «кемел» деп сенгені керенау боп шықса ше?!

Абайға, әсіресе жыраудың Алла тағалаға, Құранға, Мұхаммед пайғамбарға, «кітап ашқан ғалым Мұстафаға», иманға мадақ айтқан сөздері қанат бітіреді. «Ақтабан шұбырынды...» куәгерінің «Алла деген ар болмас, Ақтың жолы тар болмас...» - деген тағылымын Құнанбайдың дарынды перзенті санасына тоқи отырып, қаламы ақ қағаз бетімен жорғалай жөнеледі:  «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес...». Бұқардың  күні ертең «желкілдеген ту, жер қайысқан қол келсе, сасып тұрмай», ел мен жерді жанпида қорғауға дайын болуға шақырған сөзі ақынның жанына – рух, бойына қуат құяды. Қауіп-қатерді көре тұра ел-жақсысының қол қусырған бос белбеу шарасыздығына күйініп, қарындастарын бірлікке шақырады: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос».

Ұлы Абай өткеннің «бірлік пен береке жоқтықтан» опық жегізген оқиғаларын саралай келіп, әділдік пен адалдықты, еңбекқорлық пен елжандылықты, білмекке құмарлық пен үйренуге тоймауды үлгі тұтады. Әсіресе, Хәкімнің ғибраты отаршыл биліктің арамза әрекеті мен болыстардың жағымпаздығын сынаған шығармаларында айқын көрінеді: «Орыс айтты өзіңе ерік берем деп, Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп. Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ, Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп...» немесе «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта май / Қалмады, елге тығындап», «Құтырды көпті қойып аз ғанасы, Арызшы орыс – олардың олжаласы», «Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға».

«Неге бұлай, елінің озық жұртпен терезесі тең болуының жолы қайсы?» – деген сауал ақынды қыспаққа алады: «Сонда ақын белін буынып, Алды-артына қаранар... Қырынша қарап қырымға, Мұң мен шерді қолға алар». Бірақ, өкінішке қарай, көпшіліктің көзін шел басқандай: «Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап  – Бұларды керек қылмас ешкім қалап. Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап». Ол тыңдаушысы мен оқырманын білім мен ғылымға бауыр бастыру ниетімен жұмбақ та жасырады: «Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің, Сәулең болса, бермен кел талапты ерің. Жан құмары дүниеде немене екен? Соны білсең – әрнені білгендерің». Мұның жауабы - «білмекке құмарлық» екенін білеміз.

Хәкім «дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын» түгелдеуге кеселі тиіп отырған жалқаулық мен жағымпаздық, арызқойлық пен атаққұмарлық секілді теріс әрекеттерді аластауға тырысады. Оны, әсіресе Бұқардың аз сөзбен қабырғалы ой айтуы қызықтырады: «Қосыла көшкен қос орда / Қосыла қонбас малдан соң...» немесе «Екі жақсы дос болмас, Дос болса түбі бос болмас»,  «Жаманмен жолдас болмаңыз, Көрінгенге күлкі етер». Бұған Хәкім өз тарапынан үн қосады: «Құдай берген бұл достық – кәннің бірі, Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі. Қолдан достық жасап ем болар-болмас, Итмұрындай наданның жыртты бірі», «Көптен тату қимасың, Басыңа жұмыс түскен күн / Татулықты бұрынғы / Не қылып ол ойласын?». 

Махаббат пен ғашықтың жайындағы ойлары да жыраумен келісіп алғандай, үндесіп жатады. Бұқардың «Қызда қылық болмаса, Құр шырайдан не пайда» немесе «Қалың малы арзан деп, Жаман қатын алмаңыз...» - деген сөздерін ақынның қаламы іліп ала жөнеледі: «Қыз іздесең, қалың бер, Мұным ақыл болмай-ма?.. Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба. Ары бар, ақылы бар, ұяты бар /Ата-ананың қызынан ғапыл қалма». Жоғарыда айтқанымыздай, шығармашылықта ұқсастық бола береді. Алайда, Бұқардың суретті және терең ойлы, теңеу сөздерінің Абайдың  санасына сіңе бергені де даусыз: «Қара арғымақ арыса, Қарға адым жер мұң болар. Есіл көзден нұр тайса, Бір көруге зар болар...».

Перзенті Мағауия дауыстап оқыған жырау сөзін ақын ықыласпен тыңдап, іштей қайталайды: «Батпақты сайға су түссе, Атың арып келгенде, Өткел бермес кешерге. Қайырсыз итке мал бітсе, Аңқаң құрып келгенде, Саумал бермес ішерге...». Кейде, тіпті Бұқар жырына ол ұзағырақ ден қояды: «Асқар таудың өлгені, - Басын мұнар шалғаны. Көктегі бұлттың өлгені, - Аса алмай таудан қалғаны. Ай мен күннің өлгені, - Еңкейіп барып батқаны. Айдын шалқар өлгені, - Мұз болып тастай батқаны. Қара жердің өлгені, - Қар астында қалғаны. Өлмегенде не өлмейді, Әлімнің хаты өлмейді».  Бұған ақын өз сөзін қосады: «Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес / Ол бірақ қайтып келіп, ойнап - күлмес... Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы / Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?»

Алдыңғы буын ақындармен іштей сөз қағыстырып, жақсы сырлас тапқан сәттерде  разы көңілмен күлімдейді: «Өлең – сөздің патшасы десем,  ләкин мына сөздер өлең патшасының тап өзінің аузынан түскендей-ау!». Ол «Әлемді түгел көрсе де, Алтын үйге кірсе де, Аспанда жұлдыз аралап, Ай нұрын ұстап мінсе де, Қызыққа тоймас адамзат», - деген сөздерден шабыт сәйгүлігінің жалынан сипағандай жадырайды: «Әлемді түгел білсе де, Қызығын қолмен бөлсе де... Өмірге тоймас адамзат... Қалжырап көңіл қарайып, Қарауытып көзі тұрса да, Үмітін үзбес адамзат!.. Ай, замана-ай, заман-ай, Басты мына тұман-ай, Істің бәрі күмән-ай, Баспақ, тана жиылып, Пәни болған заман-ай! Құл-құтандар жиылып, Құда болған, заман-ай!».

Тарих дөңгелегі араға белгілі бір уақыт салып, кері айналса, хәл нешік?! Бұқардың өкініші ақынның ширыққан көңіл пернесін тап басады. Абай отарлық құлдықтан құтылудың ендігі қалған жалғыз жолы білім мен ғылым екеніне әбден сенімді. Өз сөзін, әсіресе ұлт келешегі – жастарға арнап, алты алаштың азаттығы жолындағы күрестің «бейкүнә» - ағартушылық жолын таңдайды. Біз қазір ата-балаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің көк туын желбірете отырып та, оның баянды болуының тағы да сол білімді, бәсекеге қабілетті, ұлтжанды ұрпақтың ғана қолында екенін мойындасақ керек. Жаһандық қауіп-қатерлерден алты алаштың аман-есен өтіп, өркениетті елдер қатарында болуы үшін еліміздің ғылыми, рухани және іскерлік әлеуетіне сөзбен де, іспен де атсалысу парыз.

 

 

Болат Жүнісбеков,

Қазақстанның Ұлттық кітапханасының

ғылыми хатшысы, жазушы