М.ӘУЕЗОВТІҢ 120 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТТІ

28 қыркүйек заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туған күні. Ұлы тұлғаның 120 жылдығына орай Алматы қаласында қала әкімдігінің қолдауымен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы және Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастыруымен «М.О.Әуезов және ұлттық жаңғыру» халықаралық ғылыми симпозиумы өтті. Шараға жиналған қауымның назарына Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің «Абай жолы» алашты паш еткен әлемге» көрмесі ұсынылды. Симпозиум аясында өткен ғылыми конференция барысында Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің директоры Б.Жүнісбеков «Қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы. Ұлы Абай мұрасын қызыл билік қалай бұрмалаған еді» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, шара аясында оқушылар арасында жазушы шығармашылығына арналған республикалық сайыстың қорытындысы жарияланды. Сайыс жеңімпаздарының бірі арнайы тағайындалған Абай музейінің жүлдесіне ие болды.

Жазушының 120 жылдығына арналған шаралар легі 29 қыркүйекте Семей қаласында жалғасын тапты. Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің дәстүрлі «Мұхтар мұрасы-адамзат қазынасы» атты студенттер арасындағы сайыста жас ақындар мен М.О.Әуезов шығармаларын мәнерлеп оқитын жастар өз өнерлерін көрсетуде.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі