АБАЙ ҚЫРЫҒЫНДА НЕГЕ ҚАРТАЙДЫ?

Қарап тұрсаңыз, бұрынғы қазаққа ақыл айтқандардың бәрі қарттар – аузы дуалы билер, сөз киесін түсінген әулиелер болған екен.

Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар.
Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар.
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ, санасыздың заманы болар, – деп қазақтың болашағын болжап кеткен Майқы би дана қарт еді.
Құл-құтандар жиылып,
Құда болған заман-ай.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгiрткен заман-ай! – деп заманы­ның мұңын шаққан Бұқар жырау да ақ са­қалды абыз-тұғын. Жер жәннатын ізде­ген Асан қайғы да, берідегі қазақтың үш дуалысы – Төле, Қазыбек, Әйтекелер де әу­лие ақсақалдар еді. Олар қараша қазаққа жол көрсетіп, ақ адал сөзімен, ақпа жы­ры­мен ненің ақ, ненің қара екенін, ненің жақ­сы, ненің жаман екенін жырға қосты, на­қылға айналдырды, кейінгіге қалдырды. Сөй­тіп, сөз қадірін түсінген қазақ олардың соңы­нан ерді, ақылына жүгінді. Ал Абай­дың заманына келгенде жағдай күрт өзгер­ді. Абай құсалықпен өмір кешкен дәуірде отаршы орыс қазақтың сөз ұстаған, аузы дуалы ақсақалдарының түбіне жетіп, тілін кескен бе деп қаласың!
Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман, 
Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман...
Немесе: 
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, 
Ашуың – ашыған у, ойың – кермек. 
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?..
Абай осы екі өлеңін жазғанда 41 жаста екен. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұл­ғай­ды арман...» да, «Қартайдық, қайғы ой­ла­дық, ұйқы сергек...» те 1886 жылы жазыл­ған. Біріншісі, арқылы ақын өз қоғамының көлеңкелі тұстарына тоқталып, кейбір бай, болыс, билердің қасиетсіз тір­ліктерін ащы тілімен түйреген. «Терін сат­пай, телміріп, көзін сатқандарды» қа­таң айыптап, адал еңбекпен мал табуға ша­қырады. Ал екінші өлеңінде Абай зама­ны­ның зарын, ада­мы­ның әрекетін терең танымымен таразыға са­лады. Мұндағы Абай­дың қартайып, қай­ғы ойлауы, қар­тай­ғандығының емес, ке­мелденгенінің, ақыл-парасатының то­лысқан, алайда мұң­дасарға қара қаппай қи­налғанынан хабар бе­ретін секілді. 
Заки Ахметов былай деп ой қоры­тыпты. «1886 жылы жазылған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қар­тай­дық, қайрат қайтты, ұлғайды арман», «Көңі­­лім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлең­дерінде Абай замана жайын толғап, әр топтардың өкілдері, әр алуан адам­дар­дың мінезі, іс-әрекетіне көз жібереді. Осы шы­­ғармалардағы айрықша өзге­ше­лік – айту тәсіліндегі, сти­ліндегі қара­пайым­ды­лық, пәлендей әде­мі дерлік, әше­кейлі сөздерді қолдануға ұмтылмаушылық. Сонда осы өлеңдердің ар­тықшылығы неде? Олар алдымен ақын ойының тереңдігімен, еркін төгіліп оты­ратын оралымдылығымен, қоғамдық, өмір құбылыстарының мәнін ашып, алаламай, анық, айқын бағалап, талдап беруімен тар­тымды. Және бір назар саларлық жай – Абай «Қартайдық, қайғы ойладық» деген сияқты өзінің қамыққан, қажығандай көңіл-күйін осы өлеңдердің бастапқы жол­дарында ғана айтады. Осылай барып, ішкі сырын аңғаратын рай көрсетеді де, одан әрі бірыңғай айналадағы өмір, әр түрлі адамдардың жағымсыз іс-әрекеттері, қылық-мінездері туралы айтуға ойысады».
Шынында, Абайдың «Қартайдық, қай­ғы ойладық...», «Қартайдық, қайрат қайт­ты...» дегеніндегі «қартаюын» қалай түсі­не­міз? Қалихан Ысқақ бұрынырақта: «Абай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұл­ғайды арман» дегенде бар болғаны қырық жас­та екен. Қырық жаста қартайғаны қа­лай? Ақынның халқынан жасырғаны жоқ еді. Мінін де, мінезін де тарамыстай тар­қа­тып, тіршілік болмысын жіліктеп бер­ген­де, қазағына жеткізе алмағаны тек ар­маны ғана болса керек. Абайдың арманына бір ғасырдың өзі бой теңестіруге жарамай отырғанда, «тамағы тойса» бар дүниені ұмытыл, қарақұсынан қанжар төніп тұрса да «жатуға» дайын тұратын салбөксенің өресі қайдан жетсін де. Абайдың уайымы да, қайғысы да осы емес пе екен?» деп жаз­ды. Демек, Абайдың қартаюы – оның қоғамдағы мәселелерге немқұрайлы қа­рамауынан. Сонда Абайды қажытқан, қартайтқан кім? Бұған жауапты: «Қырық жасында Абай қартайып, қайғы ойлады! Сол қырығыңызға жақындап қалсақ та, за­мана қабағы, тұрмыс талқысы әрқилы қай­ғы ойлата бастаса да, атан көрмеңіз, «қартайдық» деп айта алмаспыз! Аузымыз бармас. Осының өзінен-ақ кешегі тұйық орта, етек-басты елде ғұмыры еткен қа­мы­рықты кемеңгер мен бүгінгі заманы озық, білімі жетік саналатын, жасы жө­ні­нен құрдасы дерлік ұрпағының арасында қан­ша парық барын шамалай беріңіз. Абайды қартайтқан уайымның салмағын, оны көтерген иықтың зорлығын пайым­даңыз. Және сол иық, сол тұлға қазақ өлеңі, қазақ ойы, қазақ мәдениеті алдағы бол­жаусыз кәп уақыт ішінде игермек ұлан-қиыр кеңіс­тікті бір өзі толтыруға тиіс бол­ғанын зер­делеңіз. Қырықтағы кемеңгердің пара­сат, қиялыңыз нұсқалаған дидарына қа­ныңыз» деп Тұрсынжан Шапай береді.
Иә, Абайдың заманында қазақты қам­шылаған Асан, Бұқар, Төлелердің дәурені өтті. Сөйтіп, Абайдың сол ақсақалдардың орнын басып, «қартайып, қайғы ойлаған» қартқа айналудан басқа дәрмені қалмады. Себебі, қазақтың түсінігіндегі ең ақылды қазақ – ең кәрі қазақ болатын.
Бұқар жырау айтады:
Қырық деген жасыңыз,
Ерттеулі тұрған құр аттай.
Елу деген жасыңыз,
Ол да бір үлкен бел екен.
Алпыс деген жасыңыз,
Қайғы, мұңды шөл екен.
Көрдіңіз бе, қырықты «Ерттеулі тұрған құр аттай» деп суреттейді. Ал Абай ше? Ол Бұқарлардың дәстүрлі жолын бұзды. Қыр­қында қазаққа ақыл айтты. Қара сөзде­рі­мен, өлең-жырларымен ақиқатты тануға, алауыз болмауға, бір адамзаттың баласын­дай бірлікте өмір сүруге шақырды. Сәулелі келешек, білімді ұрпақ үшін қазақта Абай­дай шерленген, Абайдай азаптанған адам жоқ шығар? Абай адамды ғана емес, за­манды да түзетпек болды. Мұны ақын­ның өзі де мойындап, «Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып» деп жеткізген. Осылайша, Абай жетпістегі қарияның арқалайтын ауыр жүгін қырқында арқа­сына қондырып, қырық жамау қазақтың өлеңін шыңға шығарды. Содан кейін де біз, Абайды арқалы ақын ғана емес, аруақ­ты әулие тұтамыз.
Айналасындағылардың қыспағы, за­манының әділетсіздігі қырықтағы Абай­дың жүрегіне салмақ салды. Мырзабек Жолдасбеков: «Абай қазақтың өзара қыр­қысқа келгенде алдына жан салмайтын­ды­ғына, сырттан жау келсе, басы қосыл­май бара жатқанына ызаланады. «Се­ні­серге жан таба алмай, сенделеді ет жү­рек» деп түңіледі өз ортасынан. Абай қанша түңіл­се де өз елін тастап, көшіп қайда ба­ра­ды дейсің, көшкен жоқ, жаман істерін жек көре тұрып жанындай жақсы көретін, жа­мандыққа қимайтын өз жұртының ішін­де ғұмыр кешті. Абайдың ел үшін күйіне отырып, өз елін қаншалықты құлай сүйе­тіндігін, соншалықты жаны ашитын­ды­ғын осы сөзінен де анық көреміз» деп жазды.
Абайдың сөзі – қазақтың темірқазығы бо­латын. Ақынның өлеңдерінде қазақтың сол замандағы өмірінің шынайы шежіресі жат­қан болатын. Халықтың өмірі, заман­ның келбеті, уақыттың ащы шындығы, адам­дардың дүрдараздығы мен әділетсіздігі Абай жырларынан көрініс тапты. Өкіні­ш­тісі, заманында Абай сөзі өз тыңдаушысын тапқан жоқ. Шәкәрім қажының:
Кім жалғыз бұл жалғанда, есті жалғыз,
Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.
Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па?
Қазақтан табылды ма соның пары? – деп жазатыны содан. Демек, ақынның қыр­қында «Қартайдық, қайрат қайтты» дегенін, кәріліктің дендегенінен емес, «айтушы мен тыңдаушының көбі надан» бо­лып, қаламы ауа қармап, сөзі желге ұшқан, сөз танымас жұртына налыған ке­меңгерлік кезеңі деп түсінуге болады. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» дей­ді ақынның өзі. Мұңдасар жаны жоқ ойлы адам қартаймағанда басқа кім қар­таюшы еді?
Қартаю, шал болу дегеннен шығады, Бейімбет Майлин ақын досы Ілияс Жан­сүгіровке жазған хатында «Біз шал болып қалдық-ау, Ілияс, білесің бе?» деп жазып­ты. 
Ілияс!
...Ешқайда шықпаймын. Ешкімнің үйіне бармаймын. Дос-жарлардан қол үздік. «Жатқанға берсең маған берге» түс­кен жай бар... 
Бозарып таң атып келе жатыр. Терезені ашып жаңа кішкене отырдым. Түрлі ойлар қаптады. Жаз өмір елестеді. Біз шал болып қал­дық-ау, Ілияс, білесің бе... 
Бейімбет. Қызылорда. 1929 жыл, 22 ма­мыр.
Қараңызшы, Бейімбет осы хатын 35 жасында жазыпты. Абайдың қырқында «қар­тайдық» дегеніне қынжылып отыр­ғанымызда, Биағаң отыз бесінде «шал болдық» дейді. 1886 мен 1929 жылдың ара­сы 43 жыл екен. Енді ойлап отырмын, әр қырық жыл өткен сайын 5 жасқа қар­тайдық десек, дәл бүгінде 25 жастағы­лар­дың елдің ауыр жүгін көтеріп, жұрт тағ­ды­рын ойлап шөгетін жасына тура келеді екен. Алашордашылар – Бейімбет, Ахмет, Әлімхан, Әлихандар отыз бесінде елдіктің туын шықпай, қазақтың бүгінгі баянды болашағы үшін күрескен. Бір ғана Әлімхан Ермековті алайықшы. Әлімхан 1920 жылы Лениннің төрағалығымен өткен Халық ко­миссарлары кеңесі мәжілісінде Қазақ елі­нің жағдайы туралы баяндама жасап, Қазақ автономиясы шекарасының бір­тұ­тас­тығын жанқиярлықпен қорғап қалған.
Әлімхан Қазақтың тағдырын шешіп, жер мәселесін көтерген кезде 29 жаста екен. Ал бүгінгінің жиырмадан асқан жас­тары жерін Әлімхандай қорғай ала ма? Қазіргінің жиырмадан өткендері Абайша «Қартайдық, қайғы ойладық» деп ұлт үшін қайғыра ала ма? Алайда, уақыт соны талап етіп отыр! Бұқарлардың дәуірі келмеске кет­ті. Абайдың да заманы көзден бұлбұл ұш­ты. Бейімбеттер де қазақ үшін аянып қалмады. Ендігі үміт – жастарда. бізде!

Серікбол Хасан

"Айқын" газеті