Абай музейінде «Шырайлы Шыңғыстау» көрме-бағы ашылды

Талай дүлдүл ақындар мен жыр сүлейлері аспандата жырға қосқан шырайлы аймақ бұл:

Шыңғыстау!

Аузындасың халықтардың,

Ел даңқын сан қиырға алып бардың.

Саусақпенен санарлық әлемдегі

Үшеуі бір өзіңде алыптардың.

Еуразия кіндігінде орналасқан қасиетті мекен ұлттың ұлы перзенттері есімдерімен дүние жүзіне мәлім. Осынау ғажайып өңірде ақыл-ойдың алыптары табиғаттың сұлулығын жырлады, ана тіліміздің інжу-маржандарын жарқырата шашты. 

Абай әлемі десек оны тудырған қасиетті Шыңғыстау өлкесі, бауырына талай тылсым сырды бүгіп, тарихи кезеңдер мен небір ұлы оқиғалардың куәсі болған жер көз алдымызға келеді. Керемет өлке келбеті, өзен-көлі мен жаз-жайлауы көптеген өлең жырға, ән-күйге арқау болды. Туған жердің болмыс-бейнесі ұлы ақынның алуан сырлы шығармаларында нәзік сезіммен суреттелген. 

Абайдан бұрын табиғат көрінісін асқан шеберлікпен және жан-жақты жырлаған ақын болған емес. Әлихан Бөкейхан ақынның өмірбаянын орыс тілінде жазып, «Семипалатинский листок» газетінде 1905 жылы жариялағаны белгілі. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын алғаш рет қалың көпшілікке таныстырып, ақынның жаңашылдық қырларын айта келе: «Чудные его стихи, посвященные четырем временам года (весна, лето, осень и зима), сделали бы честь знаменитым поэтам Европы», - деп түйін жасайды.

Табиғат құбылыстары Абай поэзиясында күнделікті өмірмен, адамдардың күн-көрісі, іс-әрекетімен және өз көңіл-күйімен тығыз байланысты келеді.

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суде дірілдеп.

Ауылдың жаны – терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп... –

деп басталатын өлеңiнде ақын түнгi табиғаттың әсем көрiнiсiн махаббатпен әдемi байланыстыра ала отырып поэзия тiлiмен өрнектелген ғажайып көрініс ұсынады.

Аңызға айналған тарихи өлкенің жан тебірентерлік ғажайып көріністерін көпшілік қауым енді ұлы ақын музейінде де тамашалауға мүмкіндігі бар. 2016 жылдың жаз айында Абайдың қорық-мұражайы Қазақстан Суретшілер одағымен бірлесіп Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Семей суретшілерінің қатысуымен симпозиум өткізді. Күшікбай асуы, Бөрілі, Үйтас, Жидебай, Архат пен Шыңғыстауда дүниеге келген туындылар музейде ұйымдастырылған көрмеде орын алды. «Жидебай», «Күшікбай асуы», «Аралтөбе», «Қарашоқы» және өзге де тақырыптардағы көркем де шежірелі картиналар үш алыптың туған жері, тарихи орындар мен ескерткіштер жөніндегі ұғымымызды тереңдете түседі.

Сонымен бірге, 2016 жылы Абайдың туған күніне орай «Шыңғыстау» сурет галереясы ашылып, музей қорындағы қылқалам шеберлерінің туындылары тұрақты түрде экспозицияға қойылды. Суретшілер М.Әлиакпаров, Ғ.Макаров, Н.Өтепбаев, Т.Байғалиевтің өнер туындылары арқылы музейге келушілер Абай ауылына саяхат жасап, Шыңғыстаудың бейнесін көзбен көргендей әсерге бөленеді. «Шыңғыстау», «Сарыкөлдегі ымырт»,  «Бақанас өзені», «Бөрілі төңірегі», т.б. картиналар «Жаз» залының, «Абай Байкөкше ақынды тыңдауда», «Әйгерім Татьяна әнін шырқауда» туындылары «Абайдың ән-күй мұрасы» залының кіреберісінде сәтімен жалғастық тапқан.

2017 жылдың 19 қаңтарында музейде осы игі істердің сәтті жалғасы болып «Шырайлы Шыңғыстау» көрме-бағы ашылды.

Көрмені ұйымдастыруға негіз болған Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті биология кафедрасының музей қорына тапсырған коллекциялары. Бұл материалдар - 2013-2015 жылдары жануарлар мен өсімдіктердің биоалуантүрлілігін зерттеу мақсатында Шыңғыстау өңіріне жасалынған оншақты экспедицияның нәтижесі.

Көрменің мақсаты – Шыңғыстау өңірінің флорасы мен фаунасы, табиғат ерекшеліктерімен таныстыру, оқушыларды табиғатқа,  ұлы тұлғалар туып-өскен жерге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу.

Көрмеде Шыңғыстау өлкесінің табиғат көріністері, жануарлар, құстар, өсімдіктер жайлы материалдар, моллюскалар, көбелектер және өзге жәндіктердің коллекциялары орын алған. Көрме төрінде жазылған кемеңгер ақынның:

                                 ...Түйе боздап, қой қоздап – қорада шу,

Көбелек пен құстар да сайда ду-ду.

Гүл мен ағаш майысып қарағанда,

Сыбдыр қағып, бұлаңдап ағады су.

...Жазға жақсы көрінер қыз-келіншек,

Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек.

Қырда торғай сарғайса, сайда бұлбұл,

Тастағы үнін қосар байғыз, көкек... –

деген өлең шумақтары ғажап табиғи көріністі көз алдымызға әкеліп, көңілімізді сырға толтырады.

Көрме орналасқан жердегі жайнаған үй өсімдіктері – түрлі-түсті гүлдер көздің жауын алып, әсем көрініс беріп тұр. Экскурсия барысында келушілер осы өңірдің Қазақстанның Қызыл кітабына кірген құстары, жануарлары мен өсімдіктері туралы толыққанды мәлімет ала алады. Музей қорынан көрмеге қойылған абыз ақын Шәкір Әбенұлының қолға алып асыраған қаршығасы да келушілердің қызығушылығын арттыра түсті.

Иә, бұл өңірдің әрбір тасы, әр жотасы Абай, Шәкәрім, Мұхтар  жайлы сыр шертіп тұрғандай. «Күлімсіреп аспан тұр, жерге ойлантып әрнені» деп ұлы ақын өзі айтқандай оны тудырған топырақта, шырайлы Шыңғыстау табиғатында да даналық бар дерсің. Абайдың Шыңғыстауы бізге осынысымен қымбат.

 

Шынар МҰРАТҚЫЗЫ,

Абай қорық-мұражайы