Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ: КӘКІТАЙ

Қазақтың бас ақыны Абай өлеңдерінің тасқа басылуына 100 жыл толды арғы жылы. Сол данышпан ақынның өлең-сөзін жинап, Шыңғыстаудан сонау Петерборға арқалап апарып кітап етіп бастырған Кәкітай Ысқақұлының аты бүгінгі таңда құрметпен аталуы тиіс. «Абайдың баспаға шығуына тарихтық, бірінші зор еңбек етуші - Кәкітай дейміз». Бұл Кәкітайға берілген анық баға, Мұхтар Әуезовтің сөзі. Кәкітай туралы кезінде Ә.Бөкейханов, Әрхам Кәкітайұлы, Қ.Мұхамедханұлы естелік, мақалалар жазып, құнды деректер қалдырды.

Жалпы Кәкітай туралы сөзді Абайдан, Абайдың әдеби ортасынан бастаған жөн. Қазақтың қара өлеңін шырқау биікке шығарған Абайдың үлкен қарекетінің бірі - өз айналасында әдеби мектеп қалыптастыруы. Сол әдеби мектептің белді өкілі - Кәкітай Ысқақтың баласы болғанымен, тікелей Абайдың тәрбиесінде көріп өскен. Әрхам Ысқақұлының естелігіне бақсақ, Кәкітайды оқыта алмаймын деген Ысқақтың сөзін естіген Абай: «Олай болса сен оқыта алмайды екенсің ғой, енді бұл Кәкітайды мен бала ғып аламын, өзім оқытып, өзім тәрбиелеймін, бала менікі»,- деген екен. Содан Абай дүниеден өткенше жиырма жылдан астам уақыт Кәкітай Абай тәрбиесінде болады. Бірінен соң бірі балалары, одан кейін Абайдың өзі дүниеден өткеннен кейін Абай ауылының мал-жанына бас-көз болған естиар кісі де Кәкітай болып қалады.

Қазақтың бас ақыны Абай өлеңдерінің тасқа басылуына 100 жыл толды арғы жылы. Сол данышпан ақынның өлең-сөзін жинап, Шыңғыстаудан сонау Петерборға арқалап апарып кітап етіп бастырған Кәкітай Ысқақұлының аты бүгінгі таңда құрметпен аталуы тиіс. «Абайдың баспаға шығуына тарихтық, бірінші зор еңбек етуші - Кәкітай дейміз». Бұл Кәкітайға берілген анық баға, Мұхтар Әуезовтің сөзі. Кәкітай туралы кезінде Ә.Бөкейханов, Әрхам Кәкітайұлы, Қ.Мұхамедханұлы естелік, мақалалар жазып, құнды деректер қалдырды.

Жалпы Кәкітай туралы сөзді Абайдан, Абайдың әдеби ортасынан бастаған жөн. Қазақтың қара өлеңін шырқау биікке шығарған Абайдың үлкен қарекетінің бірі - өз айналасында әдеби мектеп қалыптастыруы. Сол әдеби мектептің белді өкілі - Кәкітай Ысқақтың баласы болғанымен, тікелей Абайдың тәрбиесінде көріп өскен. Әрхам Ысқақұлының естелігіне бақсақ, Кәкітайды оқыта алмаймын деген Ысқақтың сөзін естіген Абай: «Олай болса сен оқыта алмайды екенсің ғой, енді бұл Кәкітайды мен бала ғып аламын, өзім оқытып, өзім тәрбиелеймін, бала менікі»,- деген екен. Содан Абай дүниеден өткенше жиырма жылдан астам уақыт Кәкітай Абай тәрбиесінде болады. Бірінен соң бірі балалары, одан кейін Абайдың өзі дүниеден өткеннен кейін Абай ауылының мал-жанына бас-көз болған естиар кісі де Кәкітай болып қалады.

Мағауияға еріп қалада аз-маз білім алған Кәкітайдың негізгі мектебі Абай болды. 1915 жылы Кәкітай дүниеден өткенде Ә.Бөкейханов былай деп жазды: «Кәкітайды жасынан сүйіп, Абай қасына ертіп баураған. Абай қасында жүріп мектеп көрді. Кәкітай орысша жаза да, оқи да біледі. Абай білетін Европа жазушыларымен Кәкітай таныс еді. Иждаһаттылық арқасында сөзге ұста болды. Топта орысша сөйлеуге қысылмайтын. Сөз білетін еді». Міне, бұл - сол кездегі қазақ көсемдерінің бірінің Кәкітайға берген бағасы.

Жалпы біз бұл арада Кәкітай Ысқақұлының өмірбаянына тоқталып, бізге белгілі жайттарды қайталап жатуды артық көрдік. Кәкітай бүгінге қалай жетіп отыр, келешек ұрпақ Кәкітайдай тұлғаны кім деп танымақ, міне осы мәселелер төңірегінде кейбір түйткілді ойларды сіздермен бөліссем деген ойдамын.

Ең алдымен Кәкітай тарихта Абайдың алғашқы жинағын шығарушы ретінде қалмақ. Кәкітай тек жинақты шығарушы ғана емес, ел ішіне шашырап кеткен ақынның өлеңдерін жинаушы, оны Мүрсейіттерге көшіртіп, қатесін түзеген корректор, неше жыл михнаттанып, Омбы, Қазан, Петерборды шарлап баспа орнын іздеуші, тіпті кітаптың қаржысын төлеушісі де бір өзі болып отырғанын ескеруіміз керек. Әрине, жинақты Кәкітай жалғыз шығармаған. Жинақтың шығуына үлкен көмек жасаған Ә.Бөкейханов болды. Негізінен Абай өлеңдерін ақынның баласы, әрі шәкірті - Турағұл Құнанбаевпен бірге дайындаған. Кеңестік заманда Турағұл «халық жауы» ретінде қараланған себепті жинақтың шығарушысы ретінде бертінге дейін тек Кәкітай аталып келді. Анығында 1909 жылғы жинақты шығарушы Кәкітай мен Тұрағұл. Кітаптың сыртқы мұқабасында: «Қазақ ақыны Ибрагим Құнанбай ұлының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Тұрағұл Құнанбай ұғландары. Спб., «Восточная электропечатная Н.Бораганского», 1909»,- деп анық жазылған. Бұл мәселені тәптіштеп отырғанымыздың бір себебі кейінгі кезде ақын жинағын шығарушылардың қатарын көбейтуді мақсат еткен пікірлер де баспасөз беттерінде қылаң беріп жүр. «Егемен Қазақстан» газетінің 2009 жылдың 3 маусымындағы санында  Асан Омаровтың  «Абайдың тұңғыш жинағы қашан, қалай жарық көрген еді?» деген мақаласы басылды. Мақалада жинаққа Шәкәрімнің қосқан үлесі деген мәселеге қатысты автордың, естеліктерге сүйенген долбарлары айтылған. Мақала авторының «Абай өлеңдерін тақырыпқа бөліп, қолжазбаның соңғы нұсқасын тексеріп, баспаға жіберген Ә.Бөкейханов, Кәкітай, Тұрағұл, Шәкәрім еді» дегендей пікірді қолмен қойғандай қылып айтуы қалай болар екен. Солай болған күнде Кәкітай мен Тұрағұл Абай өлеңін өздерімен бірге жинап, жүйелеп, соңғы нұсқасын тексерген Шәкәрімнің есімін де кітап мұқабасына кіргізген болар еді ғой. Ол кезде мақала авторы желеу етіп отырған кеңестік цензура да жоқ емес пе? Біз бұл арада Шәкәрімнің ұстазы Абай өлеңдерін жинауға қатысы барлығын жоққа шығармаймыз. Кемеңгер ақынның өлеңдерін жинауға ауыл-елдің көзі ашық жандарының бәрі бірдей қол ұштарын берді. Соның ішінде Көкбай, ертегіші Баймағамбет сияқты шәкірттері де ұстаз шығармаларын жинаудан шет қалған жоқ. Алғашқы жинақты шығарып, есімдері тасқа басылған Кәкітай мен Турағұлдың жанына бүгін Шәкәрімді, ертең Көкбайды қосақтап жатсақ одан ұтарымыз шамалы. Жалпы алғашқы жинақтың дәл көшірмесі яғни, ғылым тілімен айтқанда факсимиле күйіндегі түрі бүгінгі ұрпаққа, әсіресе, зерттеуші, ізденуші қауымға керек-ақ.  Кеш те болса бұл шараға қатысты алғашқы қадамдар да жасалып жатыр. Әдебиет және өнер институтының ғалымдары 1909 жылғы жинақтың араб әліпбиіндегі нұсқасы және оның көшірмесін кітап етіп бастырып шығарған. Әйтсе де, бұл таза факсимиле емес.

Құрастырушылар кезіндегі емлелік ауытқуларды, бірге жазылып кеткен сөз тіркестерін ажырату сияқты түзетулер жасаған. Негізінен факсимиле тәртібі тасқа басылған жазуды айнытпай сол күйінде беру болып табылады.

Кәкітайдың екінші еңбегі, ол - Абайдың өмірбаянын бізге жеткізуші. Абай туралы деректерді Ә.Бөкейхановқа табыстаушы Кәкітай Ысқақұлы 1909 жылы Абайдың жинағына көлемді мақаласын қосты. Әуезов аса жоғары бағалаған мақала, сөз жоқ, Абайдың өмірбаянын жазуға бірден-бір негізгі дереккөз (источник) болды. Өйткені, Кәкітай - туысы ғана емес, Абайдың қасында жүріп, талапты шәкіртіне айналған ең жақын адамдарының бірі. Абай туралы көрген-білгенін осы мақалаға сыйғызып кетпесе де, бұл құнды еңбек абайтану ғылымының бастау бұлағы ретінде маңызын жоймақ емес. Мақалада тек Абай ғана емес оның өскен ортасы туралы да құнды деректер осы Кәкітай мақаласы арқылы бізге жетті. Мәселен, Құнанбайдың елден асқан ерекшелігіне тоқтала келіп: «...халыққа ауыл басы молда ұстатып, қадари хал ғылымның жолын көрсетіп, үлгі салған. Өзге жұрт орыстан баласын жасырып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытты»,- деп Құнанбай Өскенбайұлының қасиетін паш етіп, әкенің Абайға рухани ықпалы деген мәселенің шетін шығарушы Кәкітай болды. Қалжың сөздің шеберлері Абайдың нағашылары - Бертіс би тұқымы да Кәкітай назарынан тыс қалған жоқ. Осындай ортада тәрбиеленген Абайдың өзі қалыптастырған ортасы турасында «Абай жазған өлеңдерінен басқа, әншейін отырғанда, көбінесе, өзінің қызықты көріп, көңілі рахат болатын сөзін ұғар деген бала-шағасы уағайры жаңа талап, байыпты жас жігіттер ортасында, өзге ел сөзі, шаруа сөзі сөйленбей, өзінің білгенін, сезгенін айтып, адамның адамшылығы қандай мінезбен түзеледі, ғылымды қалай іздеуге керек, өмірді қалай кешірсе жөн болады, бұрын қандай ғалымдар өткен, олардың айтқан сөздері қандай, әйтеуір не түрлі насихатпен  болсын жастарға ғибрат болып, адамшылығы түзелер деген сөзді айтып отырушы еді, бұл уақытта бір адам әншейін шаруа жайынан, ел жайынан сөз сөйлесе бек ренжіп ашуланып қалушы еді. Қанша халық надан болса да Абайдың насихатын көп тыңдап, қасында болған жігіттер өзгелерден бір түрлі медреседен оқыған ғылым жолындағы кісі сықылды әр нәрсенің жөнін біліп, жаман жақсыны көп айырып, надандықтан көп шығып қалушы еді»,- дейді. Абайдың ақындық айналасы, оның ішінде әдеби мектебі туралы алғашқы толымды ойдың қайнар көзі деуге болады бұл пікірді. Абайдың ұстаздық қарекеті туралы автор ойының түйіні - Абайдың алды - сөздің тура мағынасында өнер-білімнің мектебі де, Абай - сабақ беруші ұстаз, алдындағы сөз ұғар жас талап - шәкірттері. Сабақты бөтен сөзбен бөлген адамға ұстаз назары қатты. Кәкітай жазбаларында Абайдың ақындық өнерге баулу үстіндегі қам-қарекеті айқын көрінеді. Өзінен кейінгі жастарға өнер-білімді үйретуді Абай «ең қызықты өмірім» деген екен. Қалай дегенде де, данышпан ақынның мұрасына қатысты басқа да құнды деректер берумен қатар Абайдың әдеби ортасы, Абай мектебі туралы ең алғаш ой қозғаған шәкірті, әрі туысы Кәкітай Ысқақұлы деп білгеніміз жөн.

Ендігі бір мәселе Кәкітайдың ақындығына қатысты. Абай айналасындағы өнерлі топтың қай-қайсысы да қара өлеңнен құр алақан болмаған. Кәкітай да солардың қатарында. Бірақ Кәкітай өлеңге ебі болғанмен ақындық жолға түспеген. М.Әуезовтің эпопеясындағы:

Бірің тоңып, бірің оң жұмысым жоқ

Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның,-

деп Кәкітайдың төрттік жырдың кейінгі екі ауызын айтып Абай шәкірттерінің алдында бағы асатыны бар. Дәл осы құбылыс өмірде болуы ғажап емес. Ал, енді бұл эпизодты Әуезовтің көркемдік қиялы деген күннің өзінде жазушының Кәкітайға Абай шәкірттерін жығып беруінде үлкен мән жатыр. Бойында ақындық өнері бар Кәкітайдың өлең мұралары сақталған ба?- деген сұрақ кесе кеөлденеңдейді. Осы арада М.Әуезовтің Абай жайын зерттеушілерге айтқан мына бір сөзін келтірудің артықтығы болмас: «Жиналмасын демейміз, Абайға тиісті деп аталған сөздің, өлеңнің бәрі жинала берсін. Бірақ, жиналу бір басқа да, жариялау екі басқа. Зерттелмей, жете танымай, құр ниетім жақсы еді деп жығыла бермейік»,-  деген абайтанушының сөзі - кешегі, бүгінгі һәм ертеңгі зерттеушілердің жадынан бір сәт шығармауға тиіс дүние.

Әлгіндей екіұшты пікірлердің бірі «Я, құдай, бере көр», «Тілім, саған айтайын» деп басталатын Абайдың Әбдірахман деген баласы ауырып жатқанда Кәкітайдың атынан жазған өлеңі төңірегінде айтылып жүр. Қ.Мұхамедханұлы бұл екі өлең Кәкітайдікі дейді. Кәкітайдың басқа ақындық мұрасы жетпегендіктен болар, бұл өлеңдер Абай шығармасы ретінде танылып, 1933 жылғы жинақтан бастап, Абай шығармаларының қатарында орын алып келеді. Бір ескеретіні, Кәкітай мен Турағұл шығарған 1909 жылғы жинақта бұл өлеңдер жоқ. 1933 жылдан бері қарайғы енген Абай жинақтарында «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат» деп берілген атына сай өлең Кәкітайға тиесілі болып жазылған. «Қу көсе қандай өзімшіл, бір сынамай қоя ма?»,- деп Мағауиямен іштей жарысқа түскен Кәкітай:

Оқып көріп байқасын,

Мағнасы ішке кіре ме?

Ұрланған сөз деп айтасың,

Сөз ұрлыққа жүре ме?-

деп өлеңнің өзінікі екеніне салмақ салуында бір мән бар. Мағауия расында көсе болған да, «Әбішке хат» өлеңінде Кәкітайдың әлгі сөзіне қарата:

Кәкітай былжырап,

Айтыпты білгенше.

Жүрегі елжіреп

Асығып көргенше,-

дейді. Бұл өлеңді Абай жазған болса, Мағауия қарымта жауапта әкесіне ондай қалжың айтпас болар еді. Кәкітай өлеңін Әбішке жіберер алдында Абайға үстінен бір қаратып, жөндетуі мүмкін. Өйткені, өлеңнің Абай сөз саптасынан айырмасы аз, әрі «сөз ұрлыққа жүре ме» деп, өлең өзімдікі дегендей Кәкітайдың ақталуына қарағанда Абайдың да қатысы болмауы мүмкін емес. Азамат соғысы кезінде үш сандық қолжазбалары, жиған кітаптары қасақана өртенген Кәкітайдың ақындық өнері барлығына шек келтіруге болмас, сірә, бірақ Кәкітай өлең қуып, ақындық жолға түспеген. Кәкітай ақын еді деген сөзді замандасы Ә.Бөкейханов та айтпайды.

Бауыржан Ердембеков, филология ғылымдарының докторы

«Абай-ақпарат»