З.Қадылбекова: Абай шығармашылығының рухани арналары

«Абай әлемі» байқауында 1 орынға ие болған Абай атындағы

Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 4 курс студенті

Қадылбекова Зульфира Қадылбекқызы

  

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 176 жыл толып отыр. Ақынның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, тілі, рухы көрініс тапқан. Екінші мәрте ұйымдастырылып жатқан «Абай әлемі» ғылыми байқауы жастар арасында ғұлама ойшылдың шығармаларын заман талабына сай жаңғыртуға, ғылыми-философиялық түрде зерделей білуге өз үлесін қосу үстінде. Әрбір байқау қатысушысы берілген тақырыптар бойынша өзіндік сыни пікірлері мен логикалық талдауларын қалыптастыра білді деп ойлаймын. Абай шығармалары өзектілігін ешқашан жоғалтпақ емес. Моральдық философиясы мен реалистік тұжырымдамалары ұлтымыз үшін қашанда рухани азық болып қалары сөзсіз. Абай тұлғасын жоғары деңгейде дәріптеу мақсатында жасалынып жатқан мәдени іс-шаралар, ғылыми-танымдық жұмыстар тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретініне сенімім мол. Себебі, Абай мұрасы, Абай ғылымы - ел болып еңсеміздің тік жүруіне, мемлекет ретінде биік белестерді бағындыруымызға жетелейтін ұлттық бірегей құндылығымыз. Абай дүниетанымы - ұлттың руһани игілігі. Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Абай есімін әлемдік аренада ұлықтау мен насихаттауды дамытып, Абай мұрасын еліміздің жасампаздығына жол сілтейтін темірқазық жұлдызымызға айналдыруымыз қажет!

Әрбір адам Абаймен мақтануы тиіс, Абайды тануы тиіс. Себебі, Абай өз заманының озық ойшылы, ұлы даланың дара философы . Қалай айтпасақ та ол әрқашанда қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын тұлғасы болып қала бермек. Абайша айтатын болсақ: «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтін артында сөз қалдырған».

 

Абай шығармашылығының рухани арналары 

Аңдатпа: Ғылыми мақалада ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлы шығармашылығының рухани арналары зерделенген.  Абай шығармашылығының рухани арналары  үлкен зерттеулер мен ғылыми сараптамаларды қажет ететін өзекті мәселе. Ақынның сөз өнеріндегі көркемдік-рухани қуаты жалаң сөздерден құралмаған. Себебі, Абай реалист-шыншыл ақын, Абай – көркемдік сана мен философияны ұштастыра білген ақын, Абай – рухани реформатор және асыл ұстаз.              Мақалада ақын шығармашылығын негізгі үш бағытта қарастыра отыра, жеке тұжырымдамалар мен теориялық негіздемелер жасалынған. Философиялық, әлеуметтік, діни және ғылыми әдебиеттік талдау әдістеріне жүгіндік. Абайдың “ толық адам” концепциясына,  ақынның қара сөздері мен шығармашылығындағы діни көзқарастарына,  ұстанымдарына шолу жасалған. Абай армандаған ұлттық болмысымыздың бейнесі және кемелденген адамның рухани дүниетанымы жайлы дәлелдер мен нақты ақпараттар нәтижесінде қорытынды жасалынған.  

Түйін сөздер: Абай Құнанбайұлы,  рухани арналар,   “толық адам”,  қара сөз,  иманигүл, философия.

 

Мазмұны:

I. Кіріспе.

II. Негізгі бөлім.

2.1 Абайдың “толық (кемел) адам” философиясындағы рухани арналары

2.2 Абайдың қара сөздеріндегі рухани-дүниетанымдық арналары

2.3 Абай шығармашылығының Ислам дүниетанымы тақырыбындағы рухани арналары

III. Қорытынды.

Қолданылған әдебиеттер

I. Кіріспе

“Онан асқан бұрынғы - соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ”. Ия, бұл ағартушы-педагог, қоғам қайраткері, Алаш зиялыларының бірі  Ахмет Байтұрсынұлының “Қазақ” газетіндегі (1913 ж. №39-41) Абайға арналған көлемді мақаласынан үзінді.

Жалпы қай ғасырда, қай ортада болмасын Абайдың шығармашылығын, оның ғибратты ойларын бағаламайтын адам кемде-кем. Расында солай. Абай мұрасы – асыл қазына, ұмытылмас өсиет. Кешегі ауыр да күңгірт заманда аққан құйрықты  жұлдыздай жарқырап өткен Абайдың мұрасы қазақ әдебиетінің шам-шырағы. Абай туған елін қанша сүйсе, елі үшін күңіреніп, тебіренсе бүгінгі ұрпақ та оны сонша құрметпен сүйіп отыр. Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе..! Абай өз шығармаларында ғылым мен білімді адамшылықтың негізі ретінде таныта отырып, кемел адам болу идеясын ұсынады. Шығармаларының басты рухани арналары – кемел тұлға болудың негізгі философиялық негіздері және ғылымның қоғам мен адам өміріндегі мәніне бағытталған.    Сонымен қатар , өнер-білім үйренудің қажеттілігін ашып көрсетіп, келешек ұрпаққа сара  жол сала білді.  Қай бағытта жазса да Абай толық түсіндіріп, тамыры мен ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Абайдың өз заманындағы ақындардан ерекшелігі де осы болса керек.                                 

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы ғылымнан бөлек қазақ халқының діні мен дәстүрін де насихаттаушылардың бірегейі болды . Ал бұл екеуі - біздің нағыз ұлттық болмысымыздың  бейнесі емес пе?! Абайдың шығармалары  діни тақырыптан да кем емес.  Оған дәлел баршамызға белгілі қара сөздері - ғақлиялары (13,15, 28, 31, 38) , нақыл сөздері мен өлең жолдары.  Әйгілі “Алланың өзі де рас, сөзі де рас!” , “Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер…”, “Алла деген сөз жеңіл...”, “Күллі мақлұқ өзгерер, Алла өзгермес…” сынды өлеңдерінен ақынның діни тағылымдарын және  ислам дінін жетік түрде зерделегенін байқаймыз [2].

Өлді деуге болама ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған...  Бұл жолдарды һәкім Абайға арналғандай-ақ дерсің.  Себебі қай тұрғыдан алып қарамасақта ұлы ойшылдың идеясы терең философиялық толғаныспен көрініс таба білген. Абайтанушы ғалым  Мекемтас Мырзахметұлының пікірінше: “Халық әлі Абайды толық таныған жоқ. Жаңа дүниетаным келді, бағыт-бағдарымыз өзгерді. Абай мұрасын, ұлы сана танымы тұрғысынан біліп, насихаттауға көшуіміз қажет”. Асылында, біздер Абай мұрасын, оның ішінде  ақын шығармашылығының рухани арналарын философия-идеологиялық тұрғыдан жан-жақты танып жүрміз бе?  Ендеше,  ақынның басты ұстанымдары мен қалам тартқан туындыларын саралай келе, Абай шығармашылығының рухани арналарын талдап көрсек.

Ғылыми мақаланың практикалық маңызына келер болсақ, Абай шығармашылығының мәнін толықтай дерлік зерттей келе, оның әлеуметтік-философиялық көзқарастарын барынша түсінікті етіп жеткізе білу.  Ал зерттеу нәтижесінің мақсаты – Абай шығармашылығындағы рухани арналарды теориялық негіздеу, жан-жақты зерделеу, қорытынды – тұжырымдама жасау. Ғылыми зерттеудің талдау әдістері ретінде теориялық әдіс (оның ішінде: философиялық, әлеуметтік және діни тұрғыда ), логикалық талдаулар (ғылыми әдебиеттер негізінде) , өзіндік талдау және нақты ақпараттар мен ресурстарға сәйкес қорытынды шығару. Осылайша ақын шығармаларын зерделей келе, Абай шығармашылығындағы рухани арналарды 3 бағытта  алып қарастырамыз. Біріншіден, толық (кемел) адам ілімі, екіншіден, Абайдың даналық сөздері яғни ғақлиялары және ақынның ислами танымы.

II. Негізгі бөлім                                                                                                                                       

2.1 Абайдың “толық (кемел) адам” философиясындағы рухани арналары

Абай Құнанбайұлы шығармашылығының басым көпшілігі адамгершілік қасиеттері мен жалпы адамзаттың жан-жақты даму үрдісі турасында. Солардың ішінде философиялық негізделген , гуманистік тұрғыдан зерттеленген тақырыптардың бірі : “толық адам концепциясы”. 

Абайтанушы М.Мырзахметұлы:  “Бүкіл оқу орындарындағы тәлім-тәрбие беретін оқулықтар Абайдың “толық адам” ілімі негізінде қайта жазылуы тиісті. Бұл рухани қажеттілік”, – деген болатын.  Қай заман,  қай кезеңдерде болмасын адамзат жаратылысы және оның толыққанды адам  болуының жолдары жайлы пікірлер аз болған жоқ. Адам мәселесі – әдебиетте, философияда, психологияда және басқа да салаларда толық шешімін таппаған іргелі тақырып. Жазушы, ғалым Мұхтар Омарханұлы айтқандай: “Абай адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қойған”. Сол себептен де, Абай толық адам тақырыбын қозғағанда , адамгершілік жайында айналып өтпеген.  Кемел адам концепциясын зерттеу барысы Абайдың он жетінші       қара сөзінен бастау алады десек болады. Абайдың бұл қарасөзі оның ғылым, ақыл, жүрек туралы өлеңдерімен мағыналас болып келеді [2]. “…Егер үшеуің ала болсаң, мен  жүректі жақтаймын”, - дейді оларға ғалым. Демек, Абай жүректі, яғни адамның ішкі түйсік - сезімін, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бірақ ғылым бойынша да, Абайша да ең идеал нәрсе – осы үшеуінің бірлігі. “Осы үшеуі (ақыл, қайрат, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол”, - дейді.

Кемел адам жаратылысы туралы ой-пікірлер Абайға дейінгі Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Қ.А.Яссауи және Ж. Румидің шығармаларынан да орын алған болатын. Сайып келгенде, барлығына ортақ бір ілім мен тұжырымдама. Мәселен, Әл-Фарабидің “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары” трактатында “Жүрек— басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес”, - дейді [4].

Әл-Фараби түрік әлемінде өз танымының негізі ретінде жүрекке шешуші мән беруі -  Абай негізін қалаған “толық адам” ілімінің төркінін білдіретін құнды дерек көзіне жатқызуға әбден болады. Осы ретте қазақ әдебиеті тарихында ізгілік идеясына сүйенген кемел адам туралы рухани мұралар желісінің бірегейлері деп мыналарды атасақ болады:

  • Әл-Фарабидің парасатты адам ілімі (Х ғасыр),
  • Жүсіп Баласағұнидің жәуанмәртілік ілімі((ХI ғасыр),
  • Ясауидің хәл ілімі (ХІІ-ХІІІ ғасыр),
  • Абайдың толық адам ілімі (ХІХ ғасыр соңы),
  • Шәкәрімнің ар ғылымы (ХХ ғасыр басында) [1].

Толық адам - рухани жаңғырудың шыңы, адамның өзінің рухани болмысын тануы. Адам сатысы Алла Тағаланың жаратқандарын сүюге ұмтылып гуманизм, адамгершілік деңгейінде болса, ал толық адам Жаратқанның өзін сүюге ұмтылып, рухани жаңғырудың ең биік шыңына ұмтылады, көпшіліктен бөлектенуді, өзімен  жеке болуды құп көреді. Бұл – таза рухани деңгей. Яғни, өмірді өзінің мақсатына жету құралы ретінде пайдаланады.  Абай көзқарасындағы жәй ғана адамзат түсінігі мен толық (кемелденген) адамның болмысы әртүрлі сипатта. Бірінші айырмашылық, иман деңгейінде. “Адам” күнәлі істерден бойын аулақ салып жүрсе, ал “толық адам” оған қоса бұрынғы істердің күнәсін де жоюға ұмтылады. Осылай ол толық тазару жолына түседі. Толық адамның иманы берік әрі тұрақты бола түседі. Яғни, кемелдене отырып, тән құмарын жеңіп , рухани дүниесін жаңғыртады. Абай адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшеген. Өзінің қара сөздерінің бірінде былай жазған болатын:  “Толық мұсылман болмай - толық адам болмайды”.  Екінші айырмашылық,   өзін-өзі тану және ғылым мен білім деңгейі.  Толық адам – өзінің жан дүниесін  танып, рухани түрде толысып өзгеруге әрекет жасайды.  Ал ол үшін  жоғары ой-өрістің қажет екендігі белгілі. Абай ілімі бойынша білімге құштарлық – жан құмары. Абайдағы толық адам туралы ойларының бастаулары қарасөздерінен басталып , өлең жолдарымен жалғасын тапқан. Толық адамның тұла бойын толтырар ізгі қасиеттер “Ғылым таппай мақтанба” өлеңінде айқын көрсетілген. Бұл өлеңінде көп нәрседен тікелей хабар беруі себепті М.Әуезов: “Абайдың, әсіресе, көп ой қорытпай айтқан мағыналы да програмдық бір өлеңі”, - деп ерекше мән бере бағалауында үлкен сыр жатыр. Осылайша Абай жастардың болашаққа деген айқындамасы ретінде талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахымды атап көрсеткен [2].

Ал, “Малға достың мұңы жоқ малдан басқа” өлеңіндегі мына бір шумақтар да адам бойындағы негізгі үш қасиеттің  ерекшелігін нақты түрде жеткізе білген:

“Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боларсың елден бөлек”, - деп, ой тастай келе, ары қарай : “Үш – ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек”, -  деп, толық адамның қасиеттерін санамалап береді . Бұл үш нәрсені бірге ұстай білу тек нәпсімен күресе білетін адамның ғана қолынан келеді. Сол кезде ғана, қарапайым адамзат жаратылысынан бөлек болып, толық адам деңгейіне көтеріледі [3].

Сонымен, толық адамның негізгі қасиеті – жан мен тәннің гармониясында өмір сүріп, өмірдің максималды ләззатін сезіне білетін жан.  Бұл деңгейдегілер барлық жаратылысты тең дәрежеде көреді , сыйлайды.  Бұл деңгейге көтерілгендер өздері де жұртқа сыйлы әрі  білімі толысқан болып келеді. Сайып келгенде, адам мен толық адамның арасындағы айырмашылық та олардың ойлау, сөйлеу және іс-әрекетінің мақсатына байланысты.  Абай үшін дүниенің басты құндылығы - адам, жәй ғана емес, рухани  кемелденген толық адам.  Абайдың арманындағы толық адамның сұлбасы  дінмен ұштасып, білім-ғылыммен дамиды және жетіледі. Адамзат өркениетіндегі барлық игі қасиеттер: иман, ғылым, білім, тәрбие, әдеп, адамгершілік, қайраткерлік, азаматтық, жомарттық, әділеттік қасиеттерін бойында жинай білген адам -  Абай ұсынған “толық адам” концепциясы. Осы ретте    Қадыр Мырза Әлінің мына бір жолдары еріксіз ойға оралады екен:                           

“Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын”.

 

2.2 Абайдың қара сөздеріндегі рухани-дүниетанымдық арналары

“Қара сөздер” -  адам құндылықтары мен күрделі философиялық  көзқарастардың жиынтығы.  1916 жылы Орынборда “Дин уә мағишат” баспаханасында тұңғыш рет ақынның алғашқы қара сөзі мен өлеңдері жарияланған болатын. Яғни, Абай қара сөздерін кітап бетінде жариялау ісі – XX ғасырдан бастау алады [7].

Бір ғасырдан астам жарық көрген Абайдың көркемдік-философиялық шығармасы бүгінгі күнде әлі де маңызын жойған жоқ. Қара сөздер жиынтығы көлемі және мағынасы жағынан да әртүрлі тақырыптарды қамтиды. Басты тақырыптары: иман, адамгершілік,өмір тәжірибелері, психология, филологиялық ойлар, ата-ана турасында және ғылым-білім. Абай қара сөздері жайында пікір қалдырмаған қазақ не шетел ғалымдары кемде-кем.

Абайтанушы, ғалым М. Мырзахметов: “Ұлы ақынның ой түбіне терең шомудан, өз заманының шындығы тудырып отырған түйінді мәселелерін сарапқа салудан туған ғақлия сөздері – Абайдың дүниетанымы мен ішкі дүниесінің сырын танып білуде мәні бар құбылыс”, -деген болатын. Ал ақынға алғаш рет публицист дәрежесінде баға берген Х.Бекқожин: “Стиль, идеялық мазмұны жағынан алғанда Абайдың қара сөздері — нағыз публицистикалық шығарма”,-деген еді. Сондай-ақ Абай өз заманының реалист ақыны болды. Ол қоғамдық өмірді сынай отыра, ұлт арасындағы топтардың қарама-қайшылықтарына баға беріп отырған. Сол себептен де болар, оның көпшілік шығармалары сыни реализмге бағытталған [7].

Абай қара сөздеріндегі басты тақырып ол – адам, ал басты мақсаты – адамды тәрбиелеу.Адамзат және қоғам игілігі үшін жұмыс атқару және жан-жақты дамыған “кемелденген адам” деңгейіне ұмтылу. Ақын қара сөздер жинағында барлық дерлік ауқымды мәселелерді ақтарып айтуға тырысқан. Әрбір қара сөзін алып қарамасақ та ағартушылық, әлеуметтік ойларын , логикалық мәніне зер салынғанын көре аламыз. Жетінші, отыз бірінші қара сөздерінде : жас баланың анадан туылғандағы мінездерін, қажеттіліктері мен тән – жан құмарлықтарын ашып көрсеткен. Яғни, туа және жүре пайда болатын мінез кеселдерін нақты түсіндіре алған. Ой кеселдері деп ақын: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, бір қайғыға салыну, не бір нәрсеге құмарлық пайда болуды алған. Бұл төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер деп қорытынды шығарған. Ал қырық үшінші қара сөзінде, жан мен тәннің арасындағы басты айырмашылықтарды көрсеткен. Қара сөздегі Абайдың ақыл-кеңестерін ескере келе адамның естігенін қабылдауға және ақпаратты сақтауына төмендегі төрт әдісті қарастырсақ болады:

- біріншіден, рухани түрдегі беріктік пен саналы шешім қабылдау;

- екіншіден, даналық кеңестерді барынша ұйып тыңдай білу, тереңіне бойлай білу;

үшіншіден, естіген нәрсеңді күнделікті өмірлік тәжірибеңе қосу, “білемін” деңгейінен “пайдаланамын”  - ға өту;

төртіншіден, нәпсіңді тәрбиелеу, сізді азғыратын ойлардан аулақ болу. Әрнәрсеге қызыға бермей, рухани жетілуге ұмтылу [6].

Абай айтқандай: “Әрбір жақсы-жаман нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса - жарамайды. Өлшеуін білмек - бір үлкен керек іс”.   Яғни, ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ - бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Шекарадан аспақ жоқ [6].

Ұлы ақынның өмірінің соңғы жылдары жазылған пәлсапалық шығармасын тек  философиялық-әлеуметтік негізде емес, сыншылдық, ойшылдық, көбіне адамгершілік мәселелеріне арналған өсиет, толғау деуге болады. Шығарма тек бір халықтың не ұлттың еншісіне қатысты мәселелерді айтумен ғана шектелмеген. Онда ғұламаларды жылдар бойы толғандырып келген мәселелерге талдау жасалған.   Абайдың қара сөздері - әлемдік өркениетте өзіндік орны бар қайталанбас мәдени мұралардың бірі. Осы тұрғыда дала философы тек халқына жаны ашып бірге қосылып жылап-жырлауды емес, әр адамның өзін-өзі шыңдаудағы даңғыл жолын анық көрсетіп беру жолын таңдаған.

Сезімтал әрі сергек ақын қарасөздерін дала тіршілігімен, күнделікті өмір тәжірибелерімен сабақтастыра отыра жазған. Сол себептен де болар, Абай шығармашылығында тек сырткы дүниеге ғана назар аударып қоймай, ұлттық болмысты пайымдайтын төл мұраларға да көңіл бөлген. Абай барша ұғымның шын мәнін ашып беретін бірден бір өлшем - еңбекке көзқарас деп санаған. Оған алтыншы қара сөзі дәлел: “Қазақ айтады: “Бірлік болмай тірлік болмайды”, - деп. Сондағы айтып отырғаны қай бірлік?... Бірлік - акылға бірлік, малға бірлік емес. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың...” [5].

Бүгінгі әлемдік саяси аренадағы еліміздің ұстанып отырған позицияларына да жауапты Абай шығармашылығынан табуға әбден болады. Ақын көзқарасындағы достық, бірлік  пен ынтымақтастық ұғымдары, еліміздің ішкі-сыртқы саясатының алғышартына айналған десек те болады. Өзге елдің тарихын, білімі мен ғылымын, мәдениетін меңгер дейді Абай. Саясат тілінше интеграциялану. Яғни, өзгеше тарихи жағдайда өмір сүрген қазақ халқына бұдан әрі бұрынғыша тіршілік етуге болмайтынын, заман талабына сай еңбек етіп, кәсіпті, сауданы,  ғылымды меңгеру керектігін баса айтқан. Қысқасы, Абайдың армандары мен ойлары тек бір ғана ұлт ұстанатын мақсат-мұраттар емес, күллі адамзат құлақ түрерлік толғаныстар. Абай қара сөздерінің тақырыбы бойынша рухани арнасы  біреу-ақ, ол - адам болмысы. Қара сөздердегі әрбір сөз осы тақырыпты кеңірек ашуға мол мүмкіндік береді. Абай айтып кеткен басты мұраттарды мына заманда уақыттың өзі талап етіп отыр. Ақынның ойындағы асқақ армандардың шындыққа ұласуының ауылы алыс емес те шығар. Себебі, біздердің  өміріміз  жалындаған жігер , жасампаздық пен моральдық мүмкіндіктерге толы.

2.3 Абай шығармашылығының Ислам дүниетанымы тақырыбындағы рухани арналары

Кеңестік заманның әдеби кезеңінде  Абайды атеистік тұрғыдан қарастырып, ақынның дін туралы ойларын кері пікірде бағалап жүрген еді.  Алайда , еліміз тәуелсіздігін алып , Ислам дінінің нығайған шағында Абайға тағылған жалған пікірлердің барлығы автоматты түрде жоққа шықты. Оған, ақын шығармашылығын тереңінен зерттей бастаған шақтағы, Абайдың ислам дініне деген, Алла мен адамзаттың байланысы жайлы ой-толғаныстары дәлел. Абайдың діни көзқарасы мен ислам дініне деген зейінін ашып бастаған кез – бала Абайдың медреседегі шағы.

Ұлы ақынды әлемге танытқан М.Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясының мына үзінділері осы сөзімізге арқау болады:  “Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды”. Яғни, Абайдың медреселік оқуын үздік тәмамдап, елге оралған кезі суреттелген. Заманында өзгелерден оқшау тұрған Абай үш жылдық медреселік оқуында діни сауатымен қатар шығыс тілдерін де меңгеріп бастаған. Араб, парсы тілдерін оқып бастаған ақын, шығыс классиктерінің шығармаларын түпнұсқада оқи білді деген сөз. Бұл дегеніміз Абайдың Құран іліміне бойлай білгені деп түсінсек болады. Мәселен,  Абайдың бозбала шағында жазған “Иузи-рәушан, көзі  –гауһар”, “Әліфби” өлеңдерінен оның алған тілдік, дін және ислам түсініктері айқын сезіледі.  Данышпан өзінің рухани кемелденуіне қасиетті Құранды негіз еткені белгілі. Ол Құран Кәрімді жақсы біліп, рухани нәрін өзінің бойына толық қабылдай білген [8].

Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің басым көпшілігі руханияттың дамуы мен мұсылманшылдық әдебімен толысқан.  Руханияттың негізгі үш компонентінің алғашқыларына ислам , сенім, одан кейін ғана ақыл мен махаббатты  жатқыза аламыз.  Абайдың ислами әлемі жайлы сөз қозғағанда “Алланың өзі де рас, сөзі де рас”, өлеңін айналып өтпесіміз анық.

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас...

Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.,- деп жалпы адамзат  баласының бір Аллаға деген сүйіспеншілігін арттыруға шақырып, “Алла – хақ, Құран – шын” деп ағынан жарылып, иман келтірген [9].

Бұл ақиқат Құранның “Әли Имран” сүресінің 31-аятында анық баяндалады: “(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): “Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, онда маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді”, - деп айт. Алла өте кешірімді, (әсіресе мүмін құлдарына) ерекше мейірімді” , - деп келеді [8].

Бұл ретте Абайдың ислам дініне деген көзқарастарының анық әрі нақты дәлелдермен жазылғанына көзіміз жетеді. Сондай-ақ ақын өз өлеңдерінде Құран мен аят, хадистердің ақиқатқа апарар есті жол екендігіне көп тоқталған. “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” өлеңінде:

“Әуелі аят, хадис – сөздің басы,  

Қосарлы бәйітсымал келді арасы. 

Қисынымен қызықты болмаса сөз, 

Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы”,- дей келе Алла сөздерінің хақтығын, Құран аяттары мен хадистерінің маңыздылығын атап өтеді.

Абай Құнанбаевтың айтуы бойынша, дін -  адамзаттың  санасындағы аса киелі де қасиетті саласы.  Абай ілімі бойынша: әлем өмірінің мақсаты -  Жаратушының ықпалымен өмір сүру. Бұл мақсатқа жету үшін әуелі білім алу арқылы санаңдағы білместіктен арылу керек. Кейін, Алла тағалаға таза құлшылық жасаумен жүрек көзін ашып, рухани әлемін қанағаттандыра алады.

Адам бойындағы діни сенім ең қасиетті сезімдердің бірі. Құран Кәрім бойынша әрбір  мұсылман үшін “Алла біреу, Мұхаммед пайғамбар оның елшісі, қиямет –қайым хақ”.  Ең бастысы бұл әділетті қағидаларды әр адам өз түйсігімен сезініп, иманға келуі шарт. Жәй ғана тыңдаған уағызбен не бос келген біліммен  келген иман нағыз мұсылмандықтың шарты емес.

Абайша он екінші қара сөзінде  айтқандай: “Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды.”[9].

“Қазақ халқының ұлы ақыны” атты мақаласында жазушы Мұхтар Әуезов: “Абай әсіресе қара сөздерінде дінді жақтаған”,- деген болатын.  Солардың ішінде, он екінші, он үшінші, он бесінші, жиырма сегізінші және отыз сегізінше қара сөздері Абайдың ислам танымына деген көзқарастарының алды. Он екінші және он үшінші қара сөздерінде исламдық таным мен иман келтірудің екі түрін ажыратып берсе, он бес және жиырма сегізінші  қара сөздерінде Ислам дініндегі иман негіздерін, тағдырға қатысты терең пайымдамаларын көрсете білген. Сонымен қатар , әр адамның өмірінің өз қолындағы таңдауларына байланысты екенін, Жаратушының әділдігін сөзге тиек етеді. Бұл тақырып аясындағы алатын орыны ерекше, толғаныс пен күрделі еңбегі отыз сегізінші қара сөзі. Онда Абай Ислам мен сенім жайлы, Исламның бес парызы және Алланың көркем есімдері жайлы тереңінен сараптай білген. Бұл қара сөзді зерделеп түсіне білу үшін имани сауатымыздың болғаны абзал.

Аталған қара сөз жөнінде ғалымдардың пікірлері бір жерде тоғысып отырған. Ол – отыз сегізінші қара сөздің  сөздің көлемділігі мен тілінің ауырлығы. Себебі, басқа қара сөздеріне қарағанда ерекше әрі араб, парсы сөздерін жиі пайдаланған, түрлі аяттар мен діни шарттарды талдай білген. Енді отыз сегізінші қарасөздерінің мына бір үзінділеріне ден салсақ.  “Құдай тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан...  Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол - құдайдың жолы. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса - өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес”. Яғни мына фәниде тек өзіңнің жалғыз басыңның ғана емес, айналаңдағы адамдардың да ақысын ұмытпа дейді. Түбінде бір Алланың алдына баратынымызды, әрбір жасаған жақсылығымыз бен жамандығымыздың өтеуі бар екенін алға тартады [10].

Тағы бір өсиет өлеңінде:

“Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол”, - дейді. Иман жоқ жерде, яғни тақлиди иман болады (біреуге еріп иман келтіру) төрге шығады. Ол “жарты мұсылман”. Ал ондай жандардың Алланың барын , оның шексіз құдіретін шын жүрегімен сезінуі екіталай.

Абай мұрасын тұңғыш бастырушылардың бірі, Абайдың інісі Ысқақтың баласы                  К.Ы.Құнанбаевтың жазбаларынан да ақынның ислам дініне деген шын ықыласы мен ғибадатын байқай аламыз.  “Рамазан айында ораза ұстап, намазды сонда үзбей оқушы еді. Ол оқыған кезінде, өзгелерді “асығыс отырып, сендер көңілді алаң қыласыңдар” деп, өзі жеке асықпай оқып отырып алушы еді. Әсіресе, ыхтихадқа бек махкәм еді. Не іс қылса да, не насихат айтса да, мынау құдайшылыққа жөн, бүйтсе - адамдыққа жөн деуші еді”,-деген сияқты бірсыпыра естелік-жазбалары бар [8].

Жалпы айтқанда, “Абайдың діні - сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні”,- деген Әуезовтың тұжырымы өте орынды айтылған. Абайдың ислам дініне деген құрметі мен  дін негіздерін әлемдік деңгейде жаңғыртқан батыл ойлы кемеңгер екендігіне тағы да бір рет көзіміз жетті.

 

Қорытынды:

Ақын шығармашылығындағы рухани арналарды бірнеше топқа бөліп қарастырдық.  Бұл реттегі біз үшін негізгі өзекті мәселе ақын шығармашылығының әртүрлілігінде және жан-жақтылығында болды. Себебі, Абай қай тақырыпта болмасын тереңінен бойлап, философиялық тұрғыдан сараптай білген. Сонымен қатар, Абай үшін білім мен ғылымның, адамгершілік пен имани құндылықтардың маңызы өте зор болған.  Ал біздер бүгінде ақынның даналық дүниетанымын , ғибратты ойларын жете түсініп  және  өшпес мұрасын ғасырлар тоғысында жаңғырта білсек, міне сонда ғана Абай шығармашылығына терең бойлағанымыз деп білемін.

Абайды оқу, зерттеу, ол өмір сүрген ортасына үңілу – тек әдебиетші, ғалымдардың ғана еншісіндегі дүние емес. Абай өткеннен кейінгі ғасырлай бойына қаншама құнды еңбектер,         том-том монографиялар,  қара сөздері мен өлеңдеріне талдаулар  ғылым көкжиегіне жол тартқан. Алайда, Абай айтқан, ол армандап көрсеткен түзу жолдан қиыс баспай, өмірлік ұстаным етіп , кемелденген тұлғаға айналу қиынның қиыны. Абай Құнанбаев  өз санасында халықтың рухани-әлеуметтік тәжірибесін, адамгершілік, иман  сезімдерінің  өткірлігін және тарих пен қазақ халқының менталитеттік жүйесін шоғырландыра білген ақын.

Мақаланың алғашқы бөлімінде ақын армандап кеткен “толық адам” концепциясы жайлы сөз қозғадық. Бұл ілімнің өзі, бүгінде ғылымның белгілі бір саласы деп бөліп қарастырсақ та артық емес. Себебі, бұл арнаулы зерттеулерді талап ететін үлкен дүние.  Кейінгі бөлімдерде Абай қара сөздері мен Абайдың діни дүниетанымы турасында шолу жасадық.  Абай шығармашылығының негізгі қайнар көзі мен рухани арнасы ол адамдық мәселелері екендігін баса айттық. Себебі, Абайдың қай шығармасын алып қарамасаңыз да адамдық борышы мен адамгершілік сезімдері жайлы сөз қозғалып отырған. Ғылыми жұмыста белгілі абайтанушы М.Мырзахметұлының, М.Әуезовтың және К.Ысқақұлының естелік жазбалары мен пікірлерін пайдаланып өттік.  Абай қара сөздерін Ислам дінімен сабақтастығында Құран Кәрім аяттарынан және Мұхаммед (с.а.с. ) хадистерінен дәлелдер келтірдік. Абай шығармашылығының рухани арналарын зерделей келе, ақынның моральдық сезімінің тереңдігін,  қазақ қоғамының жасампаздығына  деген арман-мақсаттарын жете тани түстік.

Ғылыми жұмыстың басты мақсаты Абай шығармашылығындағы рухани арналарды теориялық негіздеу, жан-жақты зерделеу, қорытынды – тұжырымдама жасау еді. Менің ойымша, ақын шығармашылығының рухани арналарын аз да болса сараптай келе, аталған мақсатқа белгілі бір дәрежеде қол жеткізілді. Ғылыми еңбектің көлемі аз болғандықтан, Абайдың қара сөздері мен ислам дінінің сабақтастықтарына, “толық адам” ілімдерінің мәнін ашып көрсете алмадық. Асылында, бұл мәселелердің әрқайсысы да жеке зерттеу жұмыстарын қажет ететін күрделі де философиялық тақырыптар. Ақын шығармаларының ашылмаған сыры, айтылмаған қыры әлі жетерлік. Оны қайталап оқып зерттеген сайын Абай сөздері тың мазмұн мен мағына иеленіп, әрленіп, мәні арта түсері хақ. Ақынның терең ойшылдығы мен абзал ақылдарының біздің күнделікті өмірімізге бір кірпіш болып қаланып, нақты істерге айналатынына күмәнім жоқ.   Тағылымдары мен көксеген армандарын  шын қастерлей біліп, болашаққа деген сенімін аяқ асты етпесек, міне сонда ғана ұлы ұстаз алдындағы перзенттік қарызымызды өтегеніміз деп білемін. Абай жаны қазақ халқының ұлттың болмысын, бірлігін сезіне білді. Ұлттық рухтың кеңінен қанат жаюына мүмкіндіктердің даңғыл жолын ашты. Абайды бізбен мәңгілік бір қылатын да осындай ұғым, осындай сенім... Жазушы, әдебиет зерттеушісі, академик З.Қабдолов Абай Құнанбайұлының осы бір ерекшелігіне айқын бағасын берген еді: “Қысқасын айтқанда, Абай біздің рухани әкеміз. А.Твардовскийдің “коммунизмге Пушкинсіз жету қиын” дегені сияқты, бізге Абайсыз тіршілік жасау қиын”.

 

Қолданылған ресурстар:

1. М.Мырзахметұлы., “Абайдың толық адам ілімі” .

2. Досова.А.Т., Бажирова.Ш.Р., Абайдың “толық адам”  идеясының қазақ ұлттық дүниетанымындағы көрінісі.

3. Қажыбай.А., “Толық адам” тағылымы. (https://egemen.kz/article/254633-tolyq-adam-taghylymy)

4. Болатбекқызы А., Абай шығармаларындағы “толық адам” мәселесі.

5. Научный журнал “Молодой учёный” (ISSN 2072-0297).

6. Н.Ә.Назарбаев.  Абай туралы сөз.

7. K.A. Toleubayeva., The character of the nation in Abay's edification words.

8. Н.Б. Мансұров, Б.Н. Темірханов., Абай қара сөзіндегі ғақлиат тасдиқат ұғымы. ( https://bulletin-orientalism.kaznu.kz ).

9. А.Айткәрімұлы., Е.Шоқай., Абай және имани гүл. Абай және Құран. (https://www.muftiyat.kz/kk/articles/edification/2020-08-11/32525-abai-zhne-imani-gul/  , https://www.muftiyat.kz/kk/articles/edification/2020-10-22/33580-abai-zhne-kuran/ )

10. Н.Махан., Абайдың діни көзқарасы. (http://mazhab.kz/kk/maqalalar/din-men-dastur/abaidyn-dini-kozqarasy-7359/ )

11. С.Қосан (шығыстанушы, ф.ғ.к.)., “Китаб Тасдиқ” және оның текстологиясы (Абайдың қара сөздері хақында).